Таиландтағы ірі қорықтардың бірінде жабайы жолбарыстың шабуылынан 48 жастағы қорық қызметкері қаза тапты. Оқиғадан кейін қорық аумағы туристер үшін уақытша жабылды, деп жазды Alash.kz.
Қайғылы жағдай Huai Kha Khaeng Wildlife Sanctuary қорығында болған.
5 тамыз күні қорық қызметкері Сакарин Вичаджан жастар лагерінде өтетін таңғы жиынға келмеген. Осыдан кейін әріптестері оны іздеуге кіріскен.
Қызметкердің үйі қарауыл бекетінен шамамен 200 метр жерде орналасқан. Үйді тексерген кезде оның ішінде ешкім болмағанымен, ұялы телефоны мен жеке заттары орнында қалған. Сонымен қатар москит торының зақымданғаны анықталған.
Үйдің маңынан ірі жыртқыштың жемтігін сүйрегеніне ұқсас іздер табылған. Кейін іздеу тобы қорық қызметкерінің денесін үйінен шамамен 200 метр жердегі орман ішіндегі жылғадан тапты.
Жергілікті биліктің мәліметінше, марқұмның денесінен жыртқыштың тісі мен тырнағынан қалған жарақаттар анықталған. Оқиға орнында ірі жолбарыстың жаңа іздері де табылған.
Таиланд Ұлттық саябақтар департаментінің басшысы Аттафон Чароенчанса қорық қызметкеріне жабайы жолбарыс шабуыл жасағанына күмән жоқ екенін мәлімдеді.
Huai Kha Khaeng қорығы Таиландта жабайы жолбарыстар көп мекендейтін аумақтардың бірі саналады. Қазір оқиға орнында полиция жұмыс істеп, қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.