Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«4 миллион баланың болашағын оп-оңай сеніп тапсырамыз ба?»: Асхат Аймағамбетов өткір мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

14:34, 23 сәуір 2026

Мектептерді әкімдіктерге қайтару мәселесі Мәжілісте қызу талқыланды, деп жазады Alash.kz.

Парламент Мәжілісінде жергілікті басқаруға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанымен, құжаттағы білім беру нысандарын аудан әкімдіктеріне қайта бағындыру туралы норма депутаттардың сынына ұшырады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл өзгерістің елдегі 4 миллион оқушының болашағына тікелей әсер ететін өте жауапты қадам екенін алға тартты. Оның пайымдауынша, білім саласын жергілікті деңгейге толықтай сеніп тапсыру саланың сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Депутат бұрынғы басқару жүйесінің кемшіліктеріне тоқталып, ол кезде білім беру саласының қаржыландыру мен назардан тыс қалып келгенін еске салды. Ол кездегі жүйеде жемқорлық тәуекелдері жоғары болғандықтан, 2021 жылғы реформа арқылы мектептерді басқару тетіктері реттеліп, мұғалімдер өз міндетіне жатпайтын артық жұмыстардан арылған болатын. Аймағамбетов білім беруді ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, мектеп директорларының шаруашылық мәселелеріне емес, оқу сапасына көбірек көңіл бөлгенін жөн деп санайды.

Егер, басты мәселе - әкімдіктерге билік беру болса, неге әкімдіктерге салықты белмейміз? Неге полицияны бермейміз? Өйткені, бәрі түсінеді. Оған жол беруге болмайды! Бұл жерде мемлекеттің вертикалі әділ жүйе болуы тиіс! Неліктен әкімдіктерге қауіпсіздікті, салықты сеніп тапсыруға қорқамыз да, 4 миллион баланың болашағын оп-оңай бере саламыз?

Даулы мәселені шешу үшін депутат басқарудың гибридті моделін енгізуді ұсынып отыр. Бұл нұсқа бойынша білім беру мазмұны мен кадрлық шешімдерді қабылдау құзыреті облыс деңгейінде сақталуы тиіс, ал жергілікті әкімдіктерге тек мектептердің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жағдайын реттеу жүктелуі мүмкін. Осылайша, білім сапасы мен басқару функцияларын бөліп қарастыру арқылы теңгерімді сақтауға болады.

Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Мәжілістің жұмыс топтарында одан әрі пысықталу үстінде. Депутаттар ұсынған түзетулер мен ескертулер құжаттың екінші оқылымында егжей-тегжейлі қаралатын болады. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар