Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек магистратураға арналған мемлекеттік грант конкурсының нәтижелері қашан жарияланатынын хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Министрдің мәліметінше, конкурс қорытындысы 24 тамыз күні сағат 15:00-де жарияланады. Нәтижелер Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпараттық ресурстарында және Саясат Нұрбектің ресми парақшаларында қолжетімді болады.
Биыл магистратура грантына қатысу үшін 23 мыңға жуық өтініш қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 мың өтінішке көп.
Грантқа ең көп сұраныс болған бағыттардың қатарында педагогикалық ғылымдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бар.
Министр болашақ магистранттарға сәттілік тілеп, жаңа оқу жылының академиялық және кәсіби мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.