Астанада ауа райының қолайсыздығы мен жолдың тайғақтығы салдарынан 3 қоғамдық көліктің қатысуымен бірнеше жол-көлік оқиғалары тіркелді, деп хабарлайды Alash.kz.
Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, Хусейн бен Талал көшесінің бойында Iveco маркалы автобустың жүргізушісі көлікті басқара алмай, Renault Sandero жеңіл автокөлігімен соқтығысқан.
Осы аумақта қоғамдық көліктердің қатысуымен тағы бір оқиға орын алды.
Құзырлы орган өкілдері жағдайды түсіндіре келе: «Аталған учаскеде екі автобустың қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі жағдайда да зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді қазіргі ауа райы жағдайын ескеруге, рөлде барынша мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауға шақырады.