АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты келіссөздерге байланысты қатаң мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.KZ.
Оның айтуына қарағанда, тараптар арасындағы келісімнің тағдыры алдағы 24 сағат ішінде белгілі болуы мүмкін.
The New York Post басылымына берген сұхбатында ол:
«Жақын арада бәрі айқын болады. Шамамен 24 сағат ішінде нақты нәтижені білеміз», – деді.
Ақ үй басшысы келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда, АҚШ әскери әрекеттерге қайта оралуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның сөзінше, америкалық қарулы күштер кез келген сценарийге дайын.
Трамп АҚШ-тың теңіз күштері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Біз кемелерімізді ең озық қару-жарақпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Егер келісімге қол жеткізілмесе, оны тиімді қолданамыз», – деді ол.
Осылайша, АҚШ тарапы келіссөздерге үміт артқанымен, әскери нұсқаны да күн тәртібінен алып тастамай отырғанын аңғартты.