Астана қаласындағы LRT жобасының құрылысына 2025 жылы республикалық бюджеттен бағытталған қаражат көлемі 300 миллиард теңгеден асты, деп хабарлайды Alash.kz.
Бірінші кредиттік бюроның талдау көрсеткіштеріне сәйкес, жыл басынан бері 11 айдың ішінде 329,6 миллиард теңге жұмсалған. Бұл көрсеткіш ағымдағы жылға жоспарланған жалпы қаржыландыру көлемінің басым бөлігін құрайды.
Аталған жобаға бөлінетін қаржы соңғы жылдары едәуір артқан. Атап айтқанда, 2024 жылы бұл мақсатқа 28,4 миллиард теңге, ал 2023 жылы 52,4 миллиард теңге бөлінген еді. Қаржыландыру көзі ретінде бұрынғыша Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер пайдаланылуда.
Бюджет шығыстарын талдау барысында LRT жобасының маңыздылығына қатысты мынадай дерек келтірілді:
«LRT құрылысына бағытталған шығындар мемлекеттік бюджеттен көлік және коммуникация саласына бөлінген барлық қаражаттың үштен бір бөлігіне жуықтады».
Салыстырмалы деректер бойынша, 2025 жылы республика көлеміндегі барлық автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеуіне 258,5 миллиард теңге қарастырылған. Ал Алматы қаласындағы метрополитен құрылысын жалғастыруға 25,6 миллиард теңге бөлінген.