Танымал актер әрі ақын Рамазан Амантай әлеуметтік желідегі парақшасында күтпеген мәлімдеме жасады. Ол денсаулығына байланысты шұғыл түрде салмақ тастауға кіріскенін хабарлап, жазба жариялады, деп жазды Alash.kz.
Өнер иесінің айтуынша, жүргізілген медициналық тексерулер оның қазіргі денсаулық жағдайының күрделі екенін көрсеткен.
«Егер дәл осы сәттен бастап өз өміріме жауапкершілікпен қарамасам, 36 жасымда өмірім үзілуі мүмкін. Шегінер жол жоқ. Дәрігерлерге қаралып, толық тексеруден өттім. Қорытындысын көрген соң бүгіннен бастап өзімді қолға алуым қажет екенін анық түсіндім», – деді ол.
Рамазан Амантай денсаулықты Алланың аманаты деп атап, көпшілікті өз ағзасына бейжай қарамауға шақырды. Сондай-ақ артық салмақты жинау оңай болғанымен, одан арылудың аса қиын екенін де жасырмады.
Ал өнер иесінің жаттықтырушысының мәліметінше, Рамазан Амантайдың қазіргі жағдайы мамандарды алаңдатып отыр. Дәрігерлер оның инфаркт немесе инсульт алу қаупі жоғары екенін ескерткен. Артық майдың ішкі ағзаларға айтарлықтай салмақ түсіріп жатқаны айтылған.
Қазіргі таңда Рамазан Амантайдың салмағы 161 келіні құрайды.
Аталған мәлімдеме әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең қолдау тапты.