Алматы қалалық полиция департаменті орындаушы Ерболат Құдайбергеннің арнайы медициналық мекемеге жатқызылғаны туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Alash.kz .
Ресми мәліметке сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын азаматтардан көршісінің агрессивті әрекеттер жасап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны туралы арыз түскен. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік инспектор әншінің айналасындағылардың тыныштығына қауіп төндіретіндей бейәдеп мінез-құлық танытып жатқанын растады.
Тиісті медициналық куәландыру шаралары жүргізілгеннен кейін, маман қорытындылары негізінде және құқық бұзушылықтың қайталануын болдырмау мақсатында азамат 15 тәулік мерзімге мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша хаттама толтырды. Оның ішінде азаматтардың тыныштығын бұзу, тиісті тіркеусіз тұру және қоғамдық орындарда айналасындағыларға тиісу фактілері қамтылған.
Құқық қорғау органдары орындаушының бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған тәжірибесі бар екенін мәлімдеді. Дегенмен әншінің менеджері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадағы тұлғаның Ерболат Құдайбергенге ешқандай қатысы жоқ.