АҚШ-тың Чикаго қаласында екі Қазақстан азаматы медициналық сақтандыру саласындағы аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша айыпталып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Әнуар Әбдірахманов пен Таир Смағұл Medicare мемлекеттік бағдарламасы мен сақтандыру компанияларына жалпы сомасы 1,5 миллиард доллардан асатын қаражат сақталған жалған есепшоттар ұсынған.
Күдікті Әнуар Әбдірахманов бақылауындағы Priority One Medical Equipment компаниясы арқылы 2024 жылдың наурызы мен тамызы аралығында 666 миллион доллардың медициналық тауарлары жеткізілгені туралы жалған есеп берген. Тексеру барысында азаматтардың ешқандай құрал алмағаны, ал компания кеңсесінің іс жүзінде жұмыс істемейтіні анықталды. Кеңсе қызметкерлерінің сөзінше, олар тек келген хаттарды жинап, бейтаныс басшыға мессенджер арқылы жолдаумен ғана айналысқан. Прокурорлар жымқырылған қаржының бір бөлігі Гонконгтағы шетелдік есепшоттарға аударылғанын мәлімдеді.
Екінші айыпталушы Таир Смағұл Medical Home Care Inc. компаниясы арқылы медициналық катетерлер жеткізілді деген желеумен 953 миллион доллар көлемінде жүздеген мың жалған өтінім жіберген. Бұл компанияның әрекетіне қатысты Medicare жүйесіне 27 мыңнан астам шағым түскен. Науқастар мен дәрігерлер көрсетілген қызметтердің шын мәнінде орындалмағанын растап отыр. Тергеу деректеріне сүйенсек, Смағұл сақтандырудан түскен ақшаны қолма-қол шешіп алып, кейін компания есепшоттарын жауып, қаржыны жеке шотына аударып жіберген.
Қазіргі уақытта екі азаматқа қатысты сот процестері жалғасуда. Олардың ісі АҚШ-тың медициналық сақтандыру саласындағы ең ірі алаяқтық оқиғаларының бірі ретінде қаралып жатыр.