Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 157 843 теңгеге жетіп, бір ай ішінде 14 700 теңгеге ұлғайды, деп хабарлайды Alash.kz.
2026 жылдың алғашқы айында зейнетақы төлемдерін қаржыландыру мақсатында республикалық бюджеттен 395,2 млн теңге қаражат бөлінді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нақтыланған мәліметтеріне сүйенсек, аталған соманың 263,9 млн теңгесі ынтымақты зейнетақы төлемдеріне, ал 131,3 млн теңгесі базалық зейнетақы компонентіне тиесілі.
Ведомство статистикасына сәйкес, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еліміздегі жиынтық зейнетақының орташа көрсеткіші 157 843 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіштің құрылымына тоқталсақ, ынтымақты зейнетақының орташа көлемі 103 931 теңгені, базалық төлемнің орташа мөлшері 53 912 теңгені құрап отыр.
Айта кететін жайт, 2026 жылғы 1 қаңтардағы деректермен салыстырғанда орташа зейнетақы көлемі 143 143 теңгеден өсіп, айырмашылық шамамен 14 700 теңгені құрады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы есеп бойынша мемлекеттен зейнетақы алатын азаматтардың жалпы саны 2 млн 538 мың адамға жеткені белгілі болды.