Ақтөбеде 136 адамды алдап, 579 миллион теңгеге шығын келтірген атышулы «емші ісі» шешімін табуға жақындады. Қалада көптен бері талқыланып келе жатқан Сұлушаш Қазбаеваға қатысты сот отырысы соңғы сатысына жетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ел ішінде гипнозшы-халық емшісі аталып кеткен Сұлушаш Қазбаеваға тағылған айыптардың көлемі де, зардабы да аз емес. Оның “көмек сеанстарына” сеніп барған жүзден астам адам бүгінде борышкерге айналып отыр. Тергеу материалдарына сүйенсек, Қазбаева түрлі уәде айтып, адамдарды несие алуға итермелеген. Бірде мешіт салу үшін, бірде қызын Түркияда емдету үшін, енді бірде банкет залы мен клиника ашу үшін қаржы жинағанын айтқан. Осындай сылтаулармен ол 136 адамды алдап соғып, жалпы көлемі 579 миллион теңгеден асатын шығын келтірген.
Бүгінде жәбірленушілердің көбі әлі күнге дейін қомақты несиелерін төлеп отыр. Сот деректері бойынша, олардың алған қарызы 1 миллион теңгеден бастап 24 миллионға дейін барады. Бұл қаражаттың қайда кеткені белгісіз күйінде қалуда.
Айыпталушы Қазбаева болса, өз кінәсін мойындамай отыр. Оның сөзінше, адамдар қаржыны өз еркімен берген. Дегенмен, сотта ол 600 миллион теңгеге жуық қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын дәлелдеп түсіндіре алмады.
Мемлекеттік айыптаушы соттан оған 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сонымен қатар, жәбірленушілердің шығынын өтеуді міндеттеуді талап етті.