Көкшетауда жол талғамайтын көлікпен жаяу жүргіншіні қағып, ажал құштырған әйел ұсталды, деп жазады Alash.kz.
Қайғылы оқиға салдарынан 12 жасар баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ана қаза тапты. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада көлік тізгініндегі әйелдің бұрылыс кезінде жаяу жүргіншіні байқамай, үстінен басып өткені анық көрінеді. Соққыдан кейін зардап шегуші автокөліктің астында қалып қойған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері әйелдің өмірін сақтап қала алмады.
Ақмола облыстық полиция департаменті жүргізушінің ұсталғанын және қажетті тергеу амалдары жүріп жатқанын растады. Марқұмның артында қалған кәмелетке толмаған баласына қатысты мәселе де тиісті органдардың назарына алынды. Жол апатының барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.