Қазақстанда мектептегі оқыту мерзімі кайта қаралуы мүмкін. Министрлік 11 жылдық бірыңғай модельді зерттеп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде 18 жастағы жасөспірімдердің мектеп қабырғасында білім алуының қаншалықты орынды екеніне күмән келтіріп, саладағы бірқатар қордаланған мәселелерге тоқталған болатын. Сондай-ақ Президент мектептердегі орын тапшылығын азайту үшін жаңа білім ошақтарының құрылысын жалғастыруды, тиімсіз реформалардан бас тартуды, мұғалімдерге түсетін жүктемені азайтуды, жастар тәрбиесін күшейтуді, тарихи материалдарды қайта қарауды, балаларды жағымсыз цифрлық контенттен қорғауды және білім беру мен экономикаға жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды белсенді енгізуді тапсырды.
Президент тапсырмасынан кейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында министрліктің 12 жылдық білім беру моделін қайта қарап жатқанын растады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі 12 жылдық білім беру моделін қайта қарап, бүкіл ел бойынша оқыту мерзімдерін біріздендіру мәселесін зерттеп жатыр. Соның ішінде барлық мектептер үшін бірыңғай 11 жылдық модельге көшу мүмкіндігі де қарастырылуда. Жаңа Конституцияға сәйкес мемлекет жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттарын бекітеді. Сондықтан меншік нысаны мен оқыту моделіне қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының қызметі осы талаптарға сай болуы тиіс. Бұл мәселе оқу жылдарының санын жалаң қысқартумен ғана шектелмейді. Ең алдымен балалардың жас және физиологиялық ерекшеліктері, оқу жүктемесі мен білімнің мазмұны ескеріледі. Бұдан бөлек, технологиялардың жедел дамуына, еңбек нарығының жаңа талаптарына және экономикадағы өзгерістер динамикасына ерекше назар аударылады. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша әрбір баланың өз жасына сай сапалы білім алуына мүмкіндік беруге және елдегі білім беру талаптарын біріздендіруге бағытталған нақты ұсыныстар енгізіледі», – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.