Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«100% үлесі мемлекетке қайтарылды»: Арыстанбек Мұхамедиұлының заңсыз иелігі туралы жаңа дерек шықты

13:49, 05 маусым 2026

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына байланысы бар компанияның заңсыз иелігінде болған «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100 пайыз үлесі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Алматы қалалық прокуратурасының мемлекеттік мүлікті қорғау бағытындағы талап-арызын Кассациялық сот толықтай қанағаттандырды. Нәтижесінде, құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын ірі активті заңсыз жекешелендіру туралы келісімшарттар мен кейінгі жасалған барлық мәмілелер жарамсыз деп танылды.

Қадалған тексеріс барысында бұл мүліктің осыдан он бір жыл бұрын заңсыз қолды болғаны анықталған. Алматы қаласы прокуратурасы таратқан ресми ақпаратта бұл заңсыздық егжей-тегжейлі көрсетілген:

«2015 жылы «Қазақ энциклопедиясы» компаниясының 100% үлесі жылжымайтын мүлік түріндегі активтері заңсыз иеліктен шығарылған, жеке заңды тұлғамен заңсыз жекешелендірілген (Әуезов ауданындағы ауданы 2 108,3 шаршы метр жер учаскесі бар ғимарат). Мемлекеттің мүліктік мүддесін қорғау үшін Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру шартын және кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінді».

Сот шешімі заңды күшіне енгендіктен, Әуезов ауданы аумағында орналасқан, ауданы 2 мың шаршы метрден асатын жер телімі бар зәулім ғимарат енді қайтадан мемлекет меншігі болып саналады. Бұған дейін сыбайлас жемқорлық дауымен сотталған экс-шенеуніктің өзі де, оның жақындары да заң алдында жауап берген болатын. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға бас бостандығынан айырылса, оның жұбайы Ғалия Ысқақова 6 айға, ал қорғаушысы болған Мұстахим Төлеев 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар