Эквадорда өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан дзюдо құрамасы жекелей сайыстарды рекордық көрсеткішпен аяқтап, 10 медальмен жалпы есепте екінші орынға табан тіреді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстан дзюдо федерациясының мәліметінше, отандастарымыз үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша 3 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлдені қанжығаларына байлады.
Ұлттық құрама қоржынына үшінші алтын медальды 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділжан Жаудинов сыйлады. Әлемдік рейтингтің 4-сатысында тұрған отандық спортшы жарысты екінші айналымнан бастап, жапон Кога Терукиді, ширек финалда бразилиялық Жозе Паулу Перейраны, ал жартылай финалда Франция балуаны Азриэль Декенн Диффоны тізе бүктірді. Ал шешуші финалдық кездесуде ол россиялық Абдулманаф Рамазановпен шеберлік байқасып, қосымша уақытта иппон әдісімен таза жеңіске жетті.
Осылайша Эквадордағы дүбірлі дода отандық дзюдо тарихына бірнеше рекордымен еніп отыр. Атап айтқанда, Фатима Супығалиева қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа жазылды. Сонымен қатар 60 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы титулы екінші жыл қатарынан Қазақстанда қалды. 2025 жылы Ернұр Батырғали топ жарса, биыл Ғабит Расулхан алтын жүлдегер атанды. Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Елдос Сметов те дәл осы 60 кг салмақта топ жарған болатын. Бұдан бөлек, ұлттық құрама бір әлем біріншілігінде алғаш рет үш алтын еншілеп, жалпы 10 медальмен рекорд орнатты. Бұған дейін кадеттер, жастар немесе ересектер арасындағы бірде-бір әлем чемпионатында мұндай көлемде жүлде бұйырмаған еді. Осы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны әлем чемпионатында үш күн қатар шырқалды.
Жарыс нәтижесі бойынша Ғабит Расулхан (60 кг), Фатима Супығалиева (52 кг) және Әділжан Жаудинов (90 кг жоғары) әлем чемпиондары атанса, Әділжан Нұрбекен (50 кг), Әдия Жанахмет (40 кг) пен Іңжу Жұмажан (57 кг) күміс жүлдені місе тұтты. Ал Бекарыс Құдайберген (50 кг), Ахмет Баубек (60 кг), Ерік Үсенов (66 кг) және Еркен Бекали (73 кг) қола медальға ие болды.
Бүгін, 23 тамызда 59 елден келген 457 жас дзюдошы бақ сынап жатқан әлем чемпионаты аралас командалар арасындағы бәсекемен жалғасады.