Posted inЭкономика

Инвестициялық жобалардың іске асырылуына тиімді мониторинг жүргізу өңірдің экономикалық өсуіне серпін береді – Ұлттық палата  

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» – TIF’23 халықаралық форумында шағын және орта бизнес, сондай-ақ инвестициялауды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат туралы айтты.

Қазіргі кезде оңтүстіктегі өңір қарқынды даму үстінде: ауқымды құрылыс салынып, инфрақұрылым, сауда ілгерілеуде. Облыс үлкен мүмкіндіктер аймағы деп бекер айтылмаған. Расында да, облыстың экономикалық даму әлеуеті өте зор. Өңірдің негізгі артықшылықтары – тиімді географиялық орналасуы мен логистикасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің бойында орналасуы. Сонымен қатар бай табиғи ресурстар, адами капитал, АӨК және туризмді дамытудың жоғары әлеуеті бар.

2018 жылдан бері өңір құрылғанынан бастап  жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің  жалпы қосылған құнының үлесі 19,5%-дан 2021 жылы 30,8%-ға дейін ұлғайды.

«Шағын және орта бизнес Түркістан облысының ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты халыққа жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты мақсаттар мен міндеттерді белгіледі. Атап айтқанда, өндірістердің технологиялық күрделілік деңгейі мен бизнес санаттары бойынша мемлекеттік қолдауды саралауды тапсырды. Қазіргі кезде облыс әкімі өз командасымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, өңір экспортын ұлғайту бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз», – деді Райымбек Баталов.

Ұлттық палата басшысы өңірдің одан әрі экономикалық өсуіне қатысты ұсыныстар айтты.

Бағдарламалық құжаттарда бүкіл ел үшін ортақ басым салалардың тізбесі айқындалған. Сонымен қатар өңірлік экономиканың басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылығы бар. Ұлттық палата мамандарының пікірінше, мемлекеттік саясатта өңірдің даму стратегиясына сәйкес келетін ШОБ субъектілеріне шараларды басымдықпен ұсынуды көздейтін қолдау шараларды саралау болуы тиіс.

«Биыл біз әкімдіктермен бірлесіп, аудандарға дейін әр өңірдегі 3-5 басым қызмет түрін анықтадық. Өзекті басымдықтар негізінде Ұлттық палата салалық кеңестер құрды. Салалық кеңестерге  орта және шағын бизнес лидерлері кірді. Қазір еліміз бойынша 133 кеңес жұмыс істеп жатыр. Біз НҚА-ға өзгерістер енгізуді бастаймыз және әр басымдық бойынша салалық мастер-жоспарлар құруды ұсынамыз. Бұл мастер-жоспарларды әкімдіктер құрылған кеңестердің белсенді қатысуымен тікелей әзірлейтін болады. Нәтижесінде, салалық мастер-жоспар өзіндік «гайдлайн» болады. Басқаша айтқанда, ауданда белгілі бір басымдықты дамыту жөніндегі нұсқаулық болады», – деді Райымбек Баталов.

Бұл шараларды іске асыру үшін не істеу керек және қандай инвестициялық жобалар қажет, сондай-ақ бұл үшін мемлекет тарапынан, оның ішінде әкімдік пен салалық министрліктерден қандай әрекет керек? Бұл сұрақтарға Ұлттық палата басшысы жауап берді.

Мысалы, Түркістан және Түркістан облыстарында туристердің көбеюі бойынша белгілі бір көрсеткіштер бар. Туристерді орналастыруда төсек орын қоры негізгі көрсеткіштің бірі. Тиісті инфрақұрылымсыз, соның ішінде қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарынсыз туристерді көптеп тарту қиын. Сонымен қатар бизнеске өзінің мақсатты аудиториясы, артықшылықтары мен кемшіліктерін саралаған жөн. Бұл – салалық мастер-жоспарлардың міндеті. Мұның бәрі жақсы жұмыс істеуі үшін нені, қайда және қалай жасау керек екенін түсіну қажет.

«Мемлекет пен бизнестің осындай синергиясы арқылы әр басымдық бойынша мақсат айқындалады. Инвестицияны қайда салу керек? Қандай инвестциялық жобаны қайда іске асырған жөн? Ол үшін қандай қаржылай және инфрақұрылымдық қолдау шаралары қажет? Осылайша, бұл  отандық бизнесіміздің дамуына сапалы серпін беріп, жаңа кластерлерді қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп атап өтті спикер.

Ұлттық палата осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде Үкіметпен бірлесіп, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына және басқа да заңнамалық актілерге қажетті өзгерістерді қамтитын пакеттік шешім дайындалып жатыр.

Бұл ретте Райымбек Баталовтың айтуынша, сыртқы инвестицияны тартудың, инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингінің қазіргі жүйесі пысықтауды талап етеді.

Мысалы, Қазақстан үшін басым елдерде елшіліктердің жұмысын кәсіби инвестициялық банкирлер командасымен күшейту керек. Мұндай мамандар жетіспейтін біліктіліктерді арттыра алады.

Спикер инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауға қатысты қазір келген инвестормен жұмыс істеу, іске асыруға бастамашылық жасалған инвестициялық жобалардың мониторингі цифрлық ізін сақтамай, шашыраңқы, қол режимде жүзеге асырылатынын айтты. Сондықтан Палата жүргізетін интерактив карта мен тізілім сияқты өте айқын құралдармен бірыңғай тәртіпті әзірлеу ұсынылады. Бірақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан міндетті валидациямен, менің деректерді тексерумен іске асыру.

Инвестиция сомасы, жұмыс орындары, салаға мультипликативтік әсерді ескере отырып, инвестициялық жобалар тізіліміне кіру бойынша ашық критерийлер әзірленуі тиіс. Бұл шара жұмыс ашық жүргізілуі үшін керек. Осы процеске Палата жұмылуы керек. Сонымен қатар қолданыстағы тәртіп шеңберінде инвестор мен әкімдіктің тарихи өзара қарым-қатынасын ескере отырып, кейбір жобалар Тізілімге енгізілмеуі мүмкін. Инвестициялық жобаны іске асырудың барлық кезеңінде 4 тараптың түпкілікті бақылау бекітілуі тиіс. Олар – бизнес, әкімдік, орталық мемлекеттік органдар және даму институты.

Әділ және теңгерімді, транспарентті жұмыс үшін инвестициялық жобалар тізілімін жүргізу операторы ретінде Ұлттық палатаны анықтау ұсынылады. Ұлттық палата – осы функцияны орындау үшін барлық қажетті ресурстары бар тәуелсіз ұйым. Бұл ретте, мемлекеттік дерекқорлармен және басқа да ұйымдармен интеграцияның болуын ескере отырып, Ұлттық палатада жобалардың барлық қатысушысы енгізетін деректерді жанама тексеруге мүмкіндік беретін қосымша мәліметтер болады.

«Бірлесе отырып, біз жобалар бойынша өзекті деректері бар және тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін объективті, теңдестірілген жүйе жасаймыз», –  деді «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы.

Осылайша, бұл өзгерістер жүйелік деңгейде инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімді мониторингі бойынша мәселелерді шешуге, объективті көріністі байқауға, соның нәтижесінде  сапалы шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл шаралар инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру, технологиялар трансфертін ынталандыру, сол арқылы елдің экономикалық дамуындағы сапалы серпілісті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

 

Пікір үстеу