Posted inБасты тақырып

Цхай қала салады, далаға жара салады

Ауылдан қала салу кімнің идеясы? Алматы облысындағы Жетіген елді мекені жергілікті маңызы бар қалаға айналды. Қала мәртебесін беру идеясы ұзақ уақыт талқыланды, идеяны ұсынушылар мұны экономикалық дамумен байланыстырды. Тіпті ауқымды жоспар құрып, кейін Президент Жарлығымен қала статусын алды.  Тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Бисенбаев өзінің Facebook парақшасында жағдайды талдап, бұл шешімді «қолдан жасалған» деп атапты. 

Біздің үкіметтің жоспарлары барған сайын ақылға сыйымсыз болып бара жатқандай. Мұндайда қазақ «қай жерімен ойлаған» деп, турасын айтқан. Расында ақылмен ойластырылған шешімге ұқсамайды.

2022 жылдың наурыз айында Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Оның аумағы 19 мың гектар немесе 190 шаршы шақырымды құрап, халық саны 200 мың адамға дейін өседі деп жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, Қонаев пен Алматының арасы 70 шақырым, ал автожолмен 74 шақырым. Қонаев қаласын дамыту жөніндегі бас жоспар бойынша мұнда Алматыдан төрт университет көшіп келді, алдағы уақытта төрт шетелдік университет ашылады. Осының барлығына ғимарат керек. Жаңа оқу корпустары, зертханалар, жатақханалар, мұғалімдерге арналған тұрғын үйлер және тағы басқалар салынуы қажет. Мұның барлығы, жоспар бойынша, 100 гектар аумаққа сыюы тиіс. Құрылыстың тығыздығы адам шошытады. Өйткені барлық сегіз университет бір шаршы шақырым аумаққа қалайша сыяды?! 3 шақырым болатын демалыс жағалауы салынғалы жатыр. Мен көгалдандыруға, абаттандыруға жаны қас адам емеспін, бірақ қалада әлі ештеңе жоқ, серуендеу не сәнің? 180 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер салынады дейді, оны салатын компаниялардың тиісті құжаты жоқ, құрылыс барысын бақылайтын тетіктері ойластырылмаған, ертең әбден салынып біткенде сапасыз болып шығады.

Облыстың үш ауданы мен Қонаев қаласының 26 ​​құрылыс компаниясы экология бойынша оң қорытынды алмастан жұмыс жүргізгендіктен, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9 млн теңгеден астам сома айыппұл төлеген. Құрылыста заңсыздықтар болып жатқанда, тағы да құрылыс жүргіземіз деу дұрыс емес. Оның үстіне бақылау органдары заңсыздықтарға қарсы шараларды құрылыс басында емес, тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін қолға алған.

«Мәссаған, мына жерге үй салып тастапты ғой» деп таң қалған шығар біздің инспекторлар.
Ал олар бұған дейін ай қарап, шошқа тағалаған ба? Аядай ғана қалада, мұрындарының астында тұтас тұрғын үй салынып жатқанын қалайша байқамай қалған? Бірақ ең қызығы бұл емес. Аумағы кеңейіп жатқан Қонаев қаласы мен Алматының арасы 70 шақырым. Ал біздің үкімет осы екі аралыққа тағы бір жаңа қала салу жөнінде шешім қабылдап отыр.

Жаңадан салынатын Алатау қаласы отандық және шетелдік инвестицияларды тартатын орынға, халықаралық бизнес хабқа айналады. Дубай, Сингапур, Тяньцзинь және басқа да қалаларды салу тәжірибесі негізге алынады. Жобаны жүзеге асыру барысы қазірдің өзінде орталық мемлекеттік органдар басшылары мен облыс әкімдігінің қатысуымен үкіметте талқыланды. Қаланың дамуы Қытаймен және Орталық Азия елдерімен сауда-инвестициялық қарым-қатынас деңгейін арттырып, бірқатар жаңа өндірістік және коммерциялық жобаларды іске қосып, әртүрлі салаға озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта инвестиция тартуға және бизнесті жүргізуге барлық жағдай жасалады.

«Премьер-министр жобаны іске асыру кезінде халықаралық тәжірибені ескеріп, барынша тиімді ынталандыру шараларын қолдану керектігін атап өтті», – деп хабарлады мемлекеттік телеарна.
Қызығы осында. Инвесторлар Қонаевқа немесе Алматыға соқпай, жаңа қалаға инвестиция жасайды екен. Бұл болжам қайдан шыққан? Оның нақты жүзеге асатынына кім кепілдік береді? Жемқорлық ушығып, экономика монополистердің қолында тұрғанда, ал үкімет қоғамдық бақылауға мән бермей, бюджетті оңды-солды шашып жатқанда бұған қалайша сенеміз?

Мен Астана құрылысында жіберген қателіктерімізді ойлап отырмын. Сол кезде алған ащы сабақ ұмытылып кетті ме? Және тағы бір сұрақ: орасан зор бюджет тапшылығы бар, «ЛРТ» құрылысын салу кезінде Ұлттық қор мен Бірыңғай зейнетақы қорындағы қаражатты тиімсіз пайдалану бар – осының барлығы қайтадан ойлануға тұрмай ма? Экономикалық негіздемесі жоқ, парламентте талқыланбаған, референдумға шығарылмаған. Оның үстіне өткен қыс еліміздегі қалалардың энергетикалық мәселелері өршіп тұрғанын көрсетті. Тіпті ең қажетті көгілдір отын, ауыз су, жарықтың өзі болмай қалып, халық пұшайман күй кешті. Мектептерде, тіпті қалалық мектептерде де дұрыс дәретхана жоқ, ауылдарда ауруханалар мен фельдшерлік пункттер жоқ, жолдардың жағдайы мүшкіл. Және 2,5 миллион тұрғыны бар Алматы мен 200 мың тұрғыны бар (әзірге жоба бойынша) Қонаевтың арасында, бір-бірінен 70 шақырым қашықтықта жаңа қала салуды жоспарлап отыр. Осы сұрақтарға жауап беретін адам бар ма?

Р.S.

Қазақстан корейлері қауымдастығының сайтында қызық мақала жарияланды, онда біз айтып отырған жаңа қаланы салу кімдерге тиімді екені, қала салу идеясы кімнен шыққаны жайлы тәптіштеп жазылған.

Қала салуды қалаған кім?

– Алматы облысында төрт жаңа G4 City спутниктік қаласы салынады. Бұл жоба, негізінен, қазақстандық белгілі кәсіпкер, Қазақстан корейлері қауымдастығының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Юрий Андреевич Цхайдың идеясы, – делінген дереккөзде.
Және ол мегажобаның стратегиялық инвесторы тағы бір ірі компания – Temasek Holdings құрамына кіретін Азиядағы ең ірі компания – Surbana Jurong болатынын түсіндіреді. Юрий Цхай олармен үш жыл бойы келіссөз жүргізгені айтылады. Қазірдің өзінде қала құрылысына керек құжаттарды әзірлеу, инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру, қолайлы инвестициялық ахуал жасауды көздейтін Жол картасы әзірленген екен.

– Сегіз жылдың ішінде біз қала салу туралы идеядан бастап, құрылысы аяқталғанға дейінгі процестердің бәрін жоспарладық.  Жобаның бірегейлігі сол, тұрғын үйлер пайдалануға берілген кезде  әлеуметтік-мәдени нысандар да дайын болып тұрады. Оны мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жүзеге асырамыз.
Сондықтан Жетігеннің атын Алатау деп өзгерту, ауыл тұрғындарының қалалық болып шығу келуі бүгін айтылып тұрған әңгіме емес. Ұзындығы 70 шақырым болатын G4 City құрылысының жоспары 15 жылдан бері талқыланып келе жатқаны белгілі, бұл мәселе асүйде айтылатын әңгіме ауқымынан әлдеқашан шығып кеткен. Дәлел керек пе? Бұған мемлекеттік бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Жобаның операторы – қазақстандық автомобиль өнеркәсібінің иесі Юрий Цхай негізін қалаған «G4 City» ЖШС.  Енді ол еркін экономикалық аймақта мемлекеттік қолдаудың арқасында еркін билік құрады.

Айта кету керек, Арнайы экономикалық аймақ бұл оффшор емес, керісінше, заңға бағынып, салық төлеуге міндеттелетін аймақ. Бірақ Цхай бизнесін кеңейту үшін басымдықтар мен жеңілдіктер алатыны сөзсіз.
Достарыңмен бөліс