Ұлан-асыр тойға еліміздің мен деген эстрада жұлдыздары шақырылып, ұлттық ойындар өткізіліпті, деп хабарлайды alash.kz.
Бұл туралы әлеуметтік желіде Нұржан Есмаханов есімді тұрғын жазды. Оның айтуынша, 9 қыркүйекте Сарысу ауданындағы Әшір Бүркітбаев ауылында кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Досбол Жылқыбаев ұлына тұсаукесер тойын жасаған. Есмахановтың айтуынша, жекеменшік мерекеге осы ауданның әкімі Марат Сұлтанғалиевтің бастамасымен жан-жақты қолдау көрсетіліпті. Оншақты киіз үй тігіліп, автокөлік тұрағы, спорт алаңдары, тамақтану орындары жасалған.




Той иесі өз қуанышына 30-дан астам отандық шоу-бизнес өкілін шақырған екен.

Желі қолданушысы осы аталған шарада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 250-ге жуық полицей тартылғанын айтады. Сондай-ақ қонақтарға арналған киіз үйлерді де ауыл әкімдері өз қаржысына жалдаған көрінеді.

Он киіз үйді әкімдерге өз есебінен құруға тапсырма бергеніңіз рас па? Алды Шу қаласынан 120 000 теңгеге алып келгені шындыққа жанаса ма? Аудан әкімдігінің лауазымды қызметкерлері осы тойда қызмет істеп, табақ тасып жүргені рас па?
Әкімдіктің қолдауымен өткен бұл шара Жанар Тұрбалаевна есімді желі қолданушысының да наразылығын тудырған. Ол мұндай тойды Балалар жылына орайластыру қисынсыз деп санайды.
Бұл шараның ұйымдастырылуына қағаз жүзінде «Балалар жылы» деген айдар тағылғанымен, расында, бір депутаттың ұлының тұсаукесер тойы арқау болған сыңайлы. Олай деуіміздің себебі, бүлдіршіндеріміздің көңілін аулайтын, іліп аларлық бір іс-шара жоқ,
Сондай-ақ ол тойдан бейнеүзінді жариялапты. Видеода балақайдың тұсауын кесуге «МузАрт» тобы мен Нұртас және Гүлзира Айдарбековтер шақырылған.
Сарысу ауданы әкімдігінің өкілдері бұл тойды ұйымдастыруға қолдау көрсеткенін мойындап отыр. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Алтынбекованың айтуынша, жергілікті билік тек ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан.
Депутаттан той жасау туралы өтініш түскен. Біздің тарапымыздан қолға алынғаны — тұрғындардың баруын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қалған шығынның бәрін өзі көтерді. Киіз үйлер тігілгені рас. Онда сол ауылдың қариялары жайғасты,
Тұрғындар Балалар жылына орай жеке адамдардың қуанышын өткізу заңға томпақ екенін айтады. Сондықтан олар Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтен Сарысу ауданының басшысы Марат Сұлтанғалиевті жазалауды талап етіп отыр.