-2.1 C
Almaty
Жұма, Ақпан 3, 2023

Шығысқазақстандықтардың денсаулығына қауіп төніп тұр

  Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жағдай күрделене түсті....

Болат Назарбаев байлығынан айырылып жатыр

"Жаңа Қазақстан" 🤜 "Ескі Қазақстан": Болат Назарбаев...

Аяқ сынған, естен танған айқас өтті

Иә, бұл аралас жекпе-жек айқасы осы жылдың  басында-ақ өтуі тиіс еді. Қаңтар қасіреті көп жайтты тежеді. Қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген тәмсіл бар.  Naiza FC лигасының кезекті айқасы NFC 37-нің де  түңлігі түрілуін  көпшілік асыға күтті. Өйтетін де жөні бар. Елімізде ММА индустриясының қарқынды дамуына соңғы жылдары үлкен күш қосып келе жатқан бірегей жоба осы Naiza FC лигасы.  

Нұрбек Қарабала бастаған DAR Team командасының қыз-жігіттері әдеттегідей бұл жолы да айқас өткізуге тиянақты һәм тыңғылықты әзірлік жүргізгені көрер көзге ұрып тұрды.

Almaty Arena спорт кешенінде өткен кезекті сайыста сайдың тасындай самдағай жігіттер барын салып айқасты.

Енді айқас  туралы көрген-баққанымызға сөз берелік. Кардтың түңлік ашар айқасын бастаған Айбек Бекболатов тәжікстандық қарсыласы Хакім Абдуллоевтің екінші раундта аяғын сындырып жіберді.  Тік тұрып айқаста да барын салған Айбек екінші раунды орталанар тұста тәжік спортшысының қылтасынан орып түсер орақтай оңдырмай тепкен. Ауыр соққыдан тепе-теңдігін жоғалтып,  тәлтіректеген қарсыласы қос  аяғын қайырып құлап сол күйі  тұра алмады. Бекболатовтың ауыр соққысы қарсыласының қылтасын шодырайтып жіберді.  Бапкері Абдуллоевті  октагоннан көтеріп әкетті. Айбек Бекболатов кәсіпқой мансабындағы екінші айқасында да жеңіске жетіп, мерейін үстем ете түсті.

NFC-37 турниріндегі қыздар арасындағы бір ғана айқас та көпке созылған жоқ. Ресейлік Дилшода Умарова мен армян қызы Ани Арзрумтсян арасындағы айқас та ақырына жеткен жоқ. Тайландта тер төгіп, осы жекпе-жегіне барын салып әзірленген Дилшода көздегеніне жетіп, жеңісті жұлып алды. Каратэ спортымен кәсіби түрде шұғылданғаны бірден байқалды. Ани аруды жеңу үшін көп күшін сарқыған жоқ. Бүйірінен теуіп, бүгіп алып басынан төмпештеп еді, төреші айқасты тоқтатты. ММА спортында өзінің тұсаукесер жекпе-жегін өткізген Умарова еліне жеңіспен қайтты.

Үшінші жекпе-жекті де   көрермендер көпке дейін ұмытпасы анық. Өйткені қазақстандық Гамлет Асланов өзбекстандық  Ұлықбек Абдулхаевты  тізесімен шықшыттан теуіп кескен теректей сұлатып түсірді.  Гамлеттің  шапшаң  әрекеті мен шалт қимылынан қорғанып үлгермей есінен танған  өзбек спортшысын бапкерлері зембілге салып көтеріп әкетті.  Бірінші раунда-та-ақ қарсыласын айқын нокаутпен ұтқан Гамлет шүбәсіз жеңісіне масаттанып қуанды. Сол сәтте октагонға кірген бапкері  шәкіртін салқынқанды болуға шақырып, қандай жеңісті де сабырмен қабылдау қажет екенін жеткізді. Сырт көзге  қандай әсерлі! Спорт, оның ішінде ММА да адамгершілікті, достық рәуішті дәріптеп, қарсыласты бітіспес жау деп емес, өмірлік жолдас деп қабылдауды үйрететін сала. Қарсыласты қамыстай жапырдым екен деп жарияға жар салып жарамсақтану жігітке тән әрекет емес. Гамлеттің жеңінен тартып жөнге салған бапкердің айтпағынан да  көпшілік көрермен осыны ұққандай.

Жерлесіміз Нұрбек Отардың әзірбайжандық спортшы Мұхаммед Исмаиловты  екінші раунда ұрып қалатқаны да жанкүйерлерін желпіндірді.

Айдын Көдек пен өзбекстандық Жахангер Нажметдинов айқасы да тартысты өтті. Екеуінің де лақап  аты – «Танк». Октагонға оралғаннан-ақ ұрысқа бас қойған Көдектің құлыны  қарсыласын біраз тықсырды. Айқасты уақытынан бұрын аяқтауға ұмтылғаны әр қимылынан байқалып-ақ тұрды. Күресу тәсіліне де төселгенін көрсеткен Айдын қарсыласын ұрымтал тұста аяғымен қылғындырып жеңіске жетті. Осы жекпе-жектен кейін Naiza FC лигаcының президенті Нұрбек Қарабала бұл салмақта та  сайыпқырандардың өсіп келе жатқанын аңғартып,  Айдынның айбыны талайды ықтыратынын меңзеп әлеуметтік желіге қолдау лепесін жазды.

Ақтөбелік Санжар Тәжиев пен Минскіден келген Виталь Павловски айқасын көпшілік ұзақ күткенімен жекпе-жек ұзаққа бармады.  Екі оғлан бұған дейін де айқасқан.  Екі ай бұрын өткен алғашқы жекпе-жекте Беларусь спортшысы Санжардың көзін де шұқып,  ереже заңдылығын бұзып, бұлғақтаған болатын. Бұл жолы екеуінің айқасын асыға күткендер де, спорт мамандары да жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталады деп болжады. Қызылға өшікке бұқадай көздерін сүзген қос жауынгер де  көп аңдысқан жоқ, реферидің баста деген белгісінен-ақ  атылды. Санжар Витальді ұрып  сұлатып алды да, төмпештеуге кіріскенде рефери  жекпе-жекті тоқтатты.

Ресейлік Вадим Малыгин қазақстандық Сержан Сапарғалиевті төрешілер шешімімен жеңсе, Рамазан Гасанов жерлесі ресейлік Михаил Романчукті бірінші раундта нокаутпен жеңді. Сұлтан Жолдошбеков  Денис Муцнекті ұпай басымдығымен ұтты.  Аса ауыр салмақта қарағандылық Сергей Зубков ресейлік Илья Гуненконы қапсыра ұстап көтеріп алды да, жерге атып ұрды.  Төбесінен төніп алып соққының астына алып, мерзімінен бұрын айқасты тоқтатты.

NFC-37  айқасының басты жекпе-жегінде астрахандық қазақ Серік Разғалиев бразилиялық  Дуглас де Оливейраға қарсы айқасып, чемпиондық белбеуге таласқан. Серік күрес өнеріне, оның ішінде грэпплингке  бейімдігін байқатып,  қарағай кеуделі, бура сан, атан жілік Оливейраны ұпай басымдығымен жеңіп,  лиганың чемпионы атанды.

Naiza  ММА индустриясын қарқынды дамытып келе жатқан бірегей ұйым.  Орта Азия елдеріндегі тегеурінді промоушнның бірі. Іргесі 2013 жылы қаланған лига ұжымының ұстанымдары алабөтен. Ірі турнирлерді өткізуде ана тілімізге басымдық береді. Тілді құрметтеуді, өз ұлтыңның тілін қадірлеудің үлгісі осы болса керек. Әйтпесе осы жолғы турнирге қазақстандық спортшылардан сырт 11 елден жауынгер келіп қатысты.  Октагондағы реферидің барлығы да спортшыларға  қазақ тілінде команда берді.

Жекпе-жектің қызып, жарыс орта тұсынан ауғанда «Қазсақ» этно-фольклорлық тобы да тамаша туындыларын тарту етіп, көрерменді желпінтті.

ММА спортының өркен жайып, көгеріп  көктеуіне орасан үлес қосып келе жатқан Naiza FC лигасы әрбір айқасы тартысқа толы өтетінін осы жолы да паш етті.

Қуаныш Есімбай,

Алматы қаласы.                 

 

 

Мақалаға жақын контент

Check out other tags:

Көп оқылған жазбалар