Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мұстафа Шоқай: Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де

01 мамыр 2024 143

"Яш Түркістанның" осы санында Мәскеудің өзі тәрбиелеп өсірген түркістандық үш атақты коммунистің бірлесіп қол қойған мақаласын оқырмандарымыз назарына ұсынып отырмыз. Бұл мақалада күн-күн сайын тамыры шіріп, өзегі опырылып бара жатқан орыс большевиктік билігінің идеология майданындағы соңғы тартыстары көрінеді. Зия Сағит, Төреқұл және Камал Әлилер жариялаған бұл мақала Мәскеу большевиктерінің Түркістандағы саясатының бет-бейнесін басқаларға қарағанда анағұрлым анығырақ көрсетеді. Сол себепті біз осы үш адамның материалына арнайы тоқталғанды жөн көрдік.

Мәскеудің Түркістандағы ұлттық саясатының мәні қандай екенін оқырмандарымыз өте жақсы біледі. Ол - атамекеніміз халқының ұлттық сана сезімін тұншықтырып, оның қандай да бір көріністеріне жол бермеу, түрікшілдіктің белгілерін түбірімен құрту болып табылады. Сайып келгенде, Түркістан түріктерінің ұлттық рухына, түрікшілдік қасиеттеріне қарсы рақымсыз күрес жүргізу - орыс большевизмі мен кеңестік Ресейдің Түркістандағы ұлттық саясаты қамтып отырған басты мазмұндар, міне, осындай.

Мәскеудің түрікшілдікке қарсы жүргізіп келе жатқан күресі бізге жақсы таныс. Талай жылдардан бері төңкерісшілдігімен танылып, төңкеріс туын көтеріп келе жатқан "қызыл қалам" бірлестігі де, "түрікшілдікпен уланған" делініп күмәнді күйге душар болды. Мәскеудегі ағаларының көңілін табамын деп қанша күшенгеніне қарамастан, бәрібір оларды қанағаттандыра алмады. "Қызыл қалам" жабылып, оның орнына бағдарламасы мн платформасы әлі айқындалмаған "Өзбекстан пролетар жазушыларының бірлестігі" құрылды.

"Қызыл қаламшылар" кеңестердің "жәннатынан" қуылып, қараңғы зындандарға қамап тасталды. Олардың орнына қолынан жазу келмейтін, сауатсыз пролетариат әдебиетшілері отырды.

"Қызыл қаламшылардың" органы "Еленге" журналы жабылып, оның орнына "Құрылыс" атты жаңа журнал шыға бастады. Енді, міне, бұл басылымның беттері осы сауатсыз пролетариат әдебиетшілерінің шатпақтарымен толтырылатын болады.

"Еленгеден" соң кезек көп жылдардан бері "төңкерістің ту ұстаушыларының бірінен" саналып келген "Жер жүзі" журналына келді. Бұл журналдың айыбы - бұдан 6 жыл бұрын өзінің жасөспірім қызу қанды төңкерісшіл шағында шыққан сандарының бірінде Түркиядағы кемалшылдық ағымына түсініктеме берген және "Кемалшыл Түркияға" достық пейіл көрсеткен бір мақаланы басып жібергендігі көрінеді. 1925 жылы жарияланып, көп адамдар әлдеқашан ұмытып үлгерген осы материалды большевиктер 6 жылдан соң архивтен қазып алып, автордың алдына тартты.

Автор осы мақаласында "Түркия жоғары ұлттық мәжілісі үстінде желбіреп тұрған ай-жұлдызды қызыл байрақты" суреттеп мадақтайды. "Түркия жоғарғы ұлттық мәжілісін Түркия халқына өкілдік ететін нағыз ұлттық орган" деп атап көрсетеді. "Жер жүзінің" авторы күллі түрі дүниесі құрметтейтін әдеби қайраткер Хамидолла Сабихы бек хақында жаңа Түркияның саяси және жетекші жазушысы деген сөздер қолданылыпты. Сонымен бірге журнал Юнус Нади, Якуб Қадриларға да симпатия көрсеткен.

"Жер жүзі" тағы тәуелсізді жолындағы күрестерде қолына қару алып, түрік армиясы қатарында түрік жұртының жауларына қарсы күрескен және "Жаңа Тұран", "Әкеден қалған мұра" қатарлы романдарымен түрік әдебиетін көріктендіре түскен Халида ханым хақында да үнсіз қала алмаған.

Осылардың бәрі бұдан 6 жыл бұрын болып өткен әңгімелер. Егер Кеңес дипломатиясына сенетін болсақ, онда осы уақыт аралығында Кеңестер мен Түркия республикасы арасындағы достық қатынастың нығая түскені жайында сөйленуі керек еді. Осы кезеңде "Кемалшыл Түркияны" мақтап-марапаттауға келгенде Литвинов, Чичерин, Қарахандар сөз бата алмай қалғанына бәріміз куәміз. Олай болса, осы орайда Зия Сағит, Жорақұл және Камал Әлилер тәрізді коммунист бөлтіріктер Мәскеу дипломатиясының Түркияға деген әлгі достық ілтипатын Түркістан түріктеріне тым қарапайым түрде білдіргеннің өзінде не үшін жазықты болады деген бір сауал өз-өзінен туады.

Бұл сауалдың жауабы қиын емес. Большевиктердің дипломатиялық ойындары Түркістан түріктерінің Түркиядағы өз туыстарына қарай табиғи ұмтылысын күшейте түсуге қызмет етпеуі тиіс.

Кеңес үкіметі Түркиямен достық келісімдер жасады. Сөйте тұра сол Кеңес үкіметі Түркия түріктерін Түркістанға аяқ бастырмайды. Литвинов Мәскеуде отырып Түркиямен достық сезімдерінің адалдығын айтып тауыса алмайды. Тағы сол Мәскеуден Сталин Түркістан мектептерінен түркиялық мұғалімдерді қуалауға және Түркияда қолданылған оқулықтарға сарындас мазмұнда жазылған оқулықтарды жоюға жарлық түсіреді.

Түркішілдік пен кемализмге қарсы күресу - большевик-теоретиктердің ең сүйікті кәсібі. "Кемал - Түркиядағы қара күштердің басты өкілі", "Кемал - Түркиядағы озбыр күштердің өкілі". Міне, бұлар Мәскеу басылымы "Төңкерісшіл Шығыс" журналы беттерінен түспейтін ең сүйікті сөздері болып отыр.

Түркістандық большевиктер де Мәскеудегілердің жолын қуа бастады.

Түркістанда Түркияға аз да болса іш тарту, жақындық көрсету, Түркияның ұлт азаттығын қалай жеңіп алғаны туралы жазу, Түркияда кеңессіз-ақ әйелдердің азаттық алғаны, ол - ол ма, әйелдер арасында Халида ханым тәрізді большевик емес мықты жазушылар шыққаны туралы шындықты білдіру, большевик болмай-ақ ел-жұртына адал қызмет етіп келе жатқан Хамидолла Сабихы, Юнус Нади, Якуб Қадри бектер тәрізді атақты жазушылар барын айтып түркістандық түріктерге аз да болса мағлұмат беру - міне, бұлардың бәрі кешірілмес күнә болып саналады.

Мәскеу большевиктері біздің ұлттық рухымызды өшірумен ғана шектелмейді. Ол бәрінен бұрын біздің өзімізге түрікшілдік және кемалшылдықты ең жексұрын, ең залалды нәрсе етіп көрсетуге тырысады.

Большевиктер атамекеніміз Түркістан есімін де өзгертпек болады. Халқымыздың өзінің тарихи аты "түрік" деген атпен аталуына тиым салып, ұлыстар мен руларға бөлшектеп тастауды көздейді.

Большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болады.

Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де.

Ұлт азаттығы - ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді. Ресейде қоғамдық жүйенің әртүрлі болғанына қарамастан, олардың бәрі айналып келіп түрікшілдікке жау болатын себебі, міне, осыдан. Мәскеу Түркістанымызда түрікшілдікке қарсы күресуде. Ол сол арқылы Түркістан түріктерінің өзінің сүйікті Түркиясына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын суытып, ақырында жойып та жіберуді мақсат етеді.

Мұстафа ШОҚАЙ

"Большевизм - түрікшілдіктің жауы" мақаласынан

1931 жыл, №20

Дереккөз: Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 1-том. - Алматы, 2007

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?