Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Біреуге біреу сенуден қалды. Өштік, дұшпандық күшейді. Озса әрбір жұрт, қалса әрбір кісі бас қорғайтын күн туды...

05 мамыр 2024 147

ОРЫНБОРДАН ТЕЛЕГРАМ

10-ыншы ноябір. Қай жерде болсын бүлік басталды, басылатын емес. Қырғын талау шығуға таянып тұр. Біреуге біреу сенуден қалды. Өштік, дұшпандық күшейді. Озса әрбір жұрт, қалса әрбір кісі бас қорғайтын күн туды. Біздің қазақ істің болары болып қалған соң ғана біледі. Өзге жұрттай алдын болжап, қаһарын түйген қатерден қайтсе құтылар қамын қылмайды. Дүниені өрт шалып, адамдықтан айуандық озып кеткенін көрмейді, ойламайды.

Мына басталған бүліктің ауыр салмағы қазақта қалып, уыты бізден тарқайтын көрінеді. Қолымызды айқастырып қарап отыратын заман өтті. Жанды, малды, қатын-баланы қырғын талаудан қорғайтын күн туды. Кел, Алаштың баласы! Талаудан жола қалам десең, өзіңді өзің бақ, өз алдыңа жеке бақылаушы (милиция) жаса! Сенетін елің, бекем тұрар ерің жоқ. Әркім өз басының қамында. Қапылыста кідіріп, кешеңдеуге орын жоқ. Басқаға тиме, елікпе, желікпе. Бірақ басыңды қорға, сотқарлық, содырлықты таста!

Біз жұмыстың аса керектігі һәм шұғылдығына қарап, жалпы қазақ сиезін жасамақ болдық. Құрметті ақсақалдар, көзі ашық оқығандар,5-інші декәбірге қарсы Орынборға келе көріңдер, бас қорғаудың қамы – милиция жасауды кеңесеміз. Бүкіл дүние жүзін дірілдетіп, қорқытып тұрған һалакет теңізінде құрбандыққа шалынып, талауға ұшырайтын көрінеміз. Дүниеде бар болу мен жоқ болу жұмбағы кездесті. Ел сеніп, тілін алып, айтқанына ұйитын ояз басы екі ақсақал һәм облосной комитеттен екі зиялы жігіт өкіл болып, айтқан 5-інші декәбірде Орынборда болсын. Біздің сиезіміз болатын кезде жалпы казак атаулының әскерлерінің сиезі болады. Сонда біздің де сөйлесуіміз керек.

Бөкейханов Ә., Дулатов М., Байтұрсынов А.,
Бірімжанов А., Ғұмаров, Досжанов С.

«Сарыарқа» газеті, №20, 18.11.1917 жыл. Алаш (Семей).

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?