Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Білім - алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі

25 сәуір 2024 102

БІЛІМ КҮШІ

Өткен дүние соғысында білім жеңді. Мұны көре-тұра енді біліммен соғысқа білгіштер тағы қару іздеді.

Көкке ұшатын машинаны "аэроплан" дейді. Соғыста аэроплан жүйрік, жылбаң ат орнында жаудың жерін жалып барлауға мініледі.

Германияны жеңетін күні Антанта (Англия, Франция, Америка, Италия, Жапония) мың аэроплан майданға бір күнде аттандырған.

Енді білгіштер-шеберлер аэропланды мынадай қылып шығарды: 1913-інші жылы аэропланның ең артығының күші 100 "лошадь-күші" еді,1923-інші жылы бұл жүзді 1.300 қылды. Аэроплан енді бұрынғыдан 13 есе артық өнерлі болды. Енді бір аэропланың 312 пұт - жиырма түйенің жүгі. Басы он жыл бұрынғыға қарағанда 13 аэропланға шықты, өнерлі 13 қайтара асты.

Аэроплан енді зеңбірек алып ұшатын болды, көтеретін жүгі, мұның бәрі тас-тау бұзар бомбы болса, енді бір аэроплан зор қаланы, қорғанды құл ғып аспанға ұшып жібереді.

Аэропланды үстіне кісі мінгізбей ұшатын, бар деген жерге барып, таста деген жерге бомбыны тастап, өзі қайтатын қылды. Биліктің бәрі - аэроплан тізгіні үйде отырған әскер басының қолында болады.

"Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?" - дейтін қазақ. Бәрінен - білім жүйрік.

Бұрын болмаған алысқа бастан асырып ататын зеңбірек шығарды. Бұл зеңбіректің жұмысы жаудың астанасын, завод, фабрикасы бар зор қалаларын бұзу, талқандау, соғысты майданнан шығарып қалың елді әлектеу.

"Тағы соғысқа қару" деп Америке де у газ (ауа сияқты зат) жасады. Удың атын "Луйсий" қойды.

Луйсий не қылады?

Мұны әуеге жайып жіберсе, дем алған адамның ауызы, мұрны, тамағы үлдіріген жара болады, көзден жас тыйылмай саулап ағада да тұрады. Луйсийді екі күнде талай жерге жаюға болады. Бұл у жайылған жермен адам баласы жүруге болмайды. Жаудың әскері тоқтап қалады.

Франсияда Луи Пастер құрған білім ұясы - Пастер институты бар. Мұнда не қылатынды осы санда жаздық. Енді осы білім ұясында оба, сүзектің ұрығын бомбыға салуды тапқан. Бұл бомбаны аэропланмен жаудың жеріне апарып тастап, майданда жоқ сыртта жатқан жалпақ елді аэропланмен қырмақ.

Білімге жақсы да, жаман да жоқ. Білім - алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі.

"Адам баласы - хайуанның ең ант атқаны" деген Достоевскийдің сөзін Еуропа дәлелдеді білем.

Қыр баласы.

"Темірқазық", 1923 жыл. №2-3, 87 бет. Мәскеу қаласы.

Дереккөз: Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937).

Шығармаларының 9 томдық толық жинағы.7 том.– Астана, 2013.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?