Алматы облысындағы Жәпек батыр ауылында жас жігіт 48 жастағы көршісін таяқ астына алып, өлермен күйге түсірген, деп хабарлайды Alash.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Бақтығали Дәулетов қайғылы жағдай болған күні танысының шақыруымен үйіне барған. Алайда бірнеше сағаттан соң әлгі көршілер ер кісіні матаға орап, анасының алдына дым болмағандай әкеліп тастаған көрінеді.
Үсті-басы қанға боялған ұлын көріп анасы есеңгіреп қалған. Алған ауыр жарақаттарынан 48 жастағы жәбірленуші комаға түсіп, 13 күн ессіз жатқан.
«Адам көргісіз, қанның қайдан кетіп жатқанын білмеймін. Балаларға «жедел жәрдем шақырыңдар» дедім. Олар кешірім беруімді сұрады. «Балама жәрдем бер, беті бері қарасын, қалғанын сосын көреміз» дегенімде кетіп қалды», - деді жәбірленушінің анасы Құрмангүл Абдуллаева.
Науқас ауыр соққыдан ашық бас-ми жарақатын алған. Дәрігерлердің айтуынша, миы соғылып, қысым түскен. Бақтығали Дәулетовтың жақындары оның толық жазылып кетуі екіталай екенін айтып, налиды. Ер кісіні аяусыз таяқпен сабаған адам сол күні тағы бір кісіні ұрғаны белгілі болды.
«Екінші сот болатын кезде, ұрған бала ауруханаға жатып қалды. Сап-сау бала, ал менің інім таяқ жеп, миынан соққы алды. Алты ай бақтым», - деді жәбірленушінің ағасы Бақыт Дәулетов.
Қазір Бақтығали Дәулетовтың бір қолы мен аяғы жарамай қалған. Өздігінен дәретке де шыға алмайды. Науқастың жақындары оны ауруханаға да бірден қабылдамағанын айтады. Қазір дәрігерлер оның жағдайы орташа ауыр деп бағалап отыр.
Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 160-бабының 1-тармағы бойынша айып тағылған. Бірақ жәбірленуші тарап істің аса ауыр санатпен қаралуын талап етуде.
«Жәбірленушілерге ешкім келіп кешірім сұрамақ түгіл, кінәні мойындамады. Іс жеңіл баппен жүріп жатыр деп ойлаймыз. Өйткені жәбірленушінің және тағы бір кісінің денсаулығына ауыр зардабы тиді. Біздің таңқалатынымыз, сотталушыны бірден ұстаған жоқ, ол қашып жүріп, халықаралық іздеуге салынды. Дегенмен оны тауып, әкелген соң, кепілдікпен шығара салды», - деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы.
Ал осы іске қатысты сот қандай шешім шығарары әлі белгісіз. Дәрігер таяқ жеген азаматқа тағы бір күрделі операция қажет екенін айтты.