Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

7 жыл бұрын алтын сатып алғандар қанша байыды?

06 мамыр 2024 576

Жинақты сары алтында сақтау долларға қарағанда тиімдірек болып шықты.

Қазақстанда халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк осыдан жеті жыл бұрын, 2017 жылы іске қосты. Содан бері қазақстандықтар жалпы салмағы 5,4 тоннаға жуық 151 574 дана алтын құйма сатып алды.

Ұлттық банктің хабарлауынша, соның ішінде тек былтырғы бір жыл ішінде азаматтар 38 000-нан (!) астам алтын құймасын иеленді.

"2023 жылы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 1,6 тонна болатын 38 729 алтын құйма сатылды. Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық. 2023 жылы сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болған түрі – 100 грамдық құйма. Сатылған алтын кесектері арасындағы оның үлесі – 28%, яғни, 10 910 дана. Одан кейін қазақстандықтар 5 грамдық құйманы иеленуге құмар: өткен жылы 9 795 бірлігі сатылды, бұл жалпы санның 25%-ы. 10 грамдық құйманың 9 409 бірлігі (24%), 50 грамдық құйманың 4 818 бірлігі (13%), 20 грамдық құйманың 3 797 бірлігі (10%) халыққа өткізілді", – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Алтын құймалар дәстүрлі түрде Алматы, Астана және Шымкент қалаларында көп сатылады.

2023 жылдың қорытындысында халық келесі көлемде алтын құймаларын қоржындарына салды:

  • Алматы қаласында – 19 138 дана;
  • Шымкентте – 6 365 дана;
  • Астанада – 3 507 дана;
  • Қарағанды облысында – 2 102 дана;
  • Павлодар облысында – 1 311;
  • Шығыс Қазақстан облысында – 892;
  • Атырау облысында – 725;
  • Қостанай облысында – 660;
  • Солтүстік Қазақстан облысында – 568;
  • Ақтөбе облысында – 555;
  • Жетісу облысында – 500;
  • Абай облысында – 481;
  • Батыс Қазақстан облысында – 435;
  • Жамбыл облысында – 409;
  • Ақмола облысында – 365;
  • Маңғыстау облысында – 356;
  • Ұлытау облысында – 228 дана алтын құймасы сатылды.

Өзге өңірлерде 100 бірлікке де жетпеді.

Кейінгі кезде бұл құнды затты елімізде ресейліктер, өзге де шетелдіктер көптеп ала бастады. Жатжұрттық қонақтардың көбі оны кәдесый ретінде алады. Дегенмен, әлемдік беделді валюталардан қағылған солтүстік көршінің тұрғындары осы арқылы жинақтарын әртараптандырып жатса керек. Еліміздің Ресеймен шекаралас облыстарының статистикасын құлпыртуға солар да үлес қосқан көрінеді.

Бүгінде алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит банкінен, сондай-ақ жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінен сатып алуға немесе кері сатуға болады.

"Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке сол мезетте ақшасын төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып алады. Бағдарлама басталғалы банктер мен жекелеген валюта айырбастау пунктеріне ел тұрғындары жалпы салмағы 737 келі алтынды немесе 28 156 құйманы кері өткізді. Бұл – халыққа жалпы сатылған құймалардың 19%-ы ғана", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Яғни, алтынға жұрт негізінен ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарайды және көбіне ұсақ салмақтағы құймаларды кері өткізеді.

Ең бастысы, кері сатқанда қабылдауы үшін әрбір құйманың қорғау элементтерін (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және ол салынатын арнайы қорабын қаз-қалпында сақтаған жөн. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады.

Ұлттық банк қорғап тұратын қорап оның сапа сертификаты болып табылатынын ескертеді. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береді.

Сонымен, мемлекет алтынды қазақстандықтарға да сататын жариялағанда, пысық, әрі бақытты адамдар 2017 жылғы 6 маусымда алтынның 1 грамын 12 мың 881 теңгеден иеленіпті.

Ертесіне-ақ алтын бағасы 12 мың 959 теңгеге дейін көтерілген. Яғни, сол жылғы 6 маусымда 100 грамдық алтын құймасын алғандар бір күн ішінде 7 800 теңге тапты.

Келесі 2018 жылдың басында, 3 қаңтарда 1 грамм алтынның құны 14 026 теңгеге жетті. Сөйтіп, жарты жыл ішіндегі табысы 114 500 теңгені құрады.

Ұлттық банктің бағамы сәйкес, бүгінде, 2024 жылғы 4 маусымда 1 грамм алтынның құны 32 858 теңгеге дейін шарықтады.

Осылайша, 2017 жылы 1 288 100 теңгеге 100 грамм ғана алтын сатып алған қазақстандықтың тапқан таза табысы бүгінде 1 997 700 теңгені құрады. 7 жыл ішінде 155,09% табыс көрді.

Салыстырсақ, 2017 жылғы 6 маусымда 1 доллардың бағамы 312,84 теңгені құрады. Тиісінше, 1 288 100 теңгеге ол кезде шамамен 4 117 доллар сатып алуға болатын.

Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 2024 жылғы 6 маусымда 1 АҚШ доллары 441,66 теңгеге бағаланады. Демек, 4 117 долларды бүгін өткізсе, азамат шамамен 1 818 314 теңге ала алады. Осылайша, кезінде алтын құймасын алмай, тура 7 жыл бойы қаражатын доллармен сақтағандар небары 530 214 теңге ғана таза табыс тапты.

Нәтижесінде, 2017 жылғы 6 маусымда батыл қимылдап, жинағын алтынға салған азаматтар долларды таңдаған азаматтарға қарағанда 3,7 есе (!) көп кіріс көріп отыр.

Бірақ Ұлттық банк мамандары бірнеше жыл ішінде шұғыл қажет болмайтын көлемдегі жинаққа ғана алтын сатып алуға кеңес береді.

Дәл қазір алтын біршама қымбаттап кетті, олай болса алда бағасы біршама құбылады, құлдырауы да ғажап емес. Халықаралық сарапшылар алтынның әлемдік бағасы шырқау шегіне жеткен жоқ деп санайды.

Мәселен, Американың санкциясынан қорыққан Қытай 16 ай қатарынан үлкен қарқынмен алтын сатып алып жатыр. Осы арқылы алтынның бағасын аспанға шығандатуда.

Бұл бағалы металдың халықаралық нарықтардағы бағасы бір унциясы үшін 2 400 доллардан асып кетті. Бұл – биылғы екінші максимум. Бұдан бұрынғы шыңды 8 сәуірде бағындырған еді.  

Ағымдағы жылы алтынның құны Таяу Шығыстағы, соның ішінде Израиль және Иран арасындағы шиеленістің ушығуына, инвесторлардың қауіпсіз активтерге қызығушылығының артуына, әлем елдерінің орталық банктерінің бағалы металды көптеп сатып ала бастауына байланысты жаңа рекордтарға қол жеткізді.

Әлемдегі саяси, экономикалық дағдарыстар инвесторларды тұрақтылықты алтыннан іздеуге итермеледі. Қалталылар алтынды геосаяси турбуленттілік заманында өз қаржысы үшін қауіпсіз пана ретінде қарастырады.

Алайда халықаралық сарапшылардың болжамынша, егер АҚШ Федералдық резервтік жүйесі ставканы төмендетсе, алтын да шамалы арзандауы ықтимал.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?