Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлтына аянбай қызмет еткен Әлихан Бөкейханның қанатты сөздері

05 наурыз 2024 163

Бүгін –  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Назарларыңызға Алаш арысының қанатты сөздерін ұсынамыз.

 

Tipi болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

* * *

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

* * *

Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

* * *

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі — көш басын да алып жүре алмайды.

* * *

Ұлтына, жұртына қызмет ету - білімнен емес, мінезден.

* * *

Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді.

* * *

Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу — аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік.

* * *

Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды.

* * *

Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!

* * *

Байлық түбі — ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.


* * *

Кім шебер болса, жалықпай талмай ізденсе, бірігіп — тізе қосып әдіс қылса — ғұмыр бәйгесі сонікі. Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, еш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды. Бірақ оларды қозғау керек!

* * *

Жанайқай: қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!

* * *

Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ынтымақ қана. Қазақ жерінің әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек.

* * *

Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!

* * *

Жұртқа әділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тындаған, билігін орнына жұмсайтын, арам жемейтін, іс білетін, ел мүддесін ашық қорғай алатын болыс пайдалы.

* * *

Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды, байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар - қысты күні үңгірде жатып өз аяғын өзі сорған аю тәрізді.

* * *

Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпаққа не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.

* * *

Бұл болып тұрған заман - Алаштың азаматына зор жүк.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?