Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мәулен Әшімбаев: «Зомби-компаниялар» мемлекеттің арқасында ғана аман жүр

22 ақпан 2024 88
Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отандық бизнесті қолдау тетіктерін қайта реттеу қажет екенін айтты. Бұл туралы ол Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.

Оның пайымдауынша, тек мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана күн көріп отырған компаниялар нарықтық экономиканы ілгерілетуге кедергі келтіріп отыр. Сондықтан Қазақстанда бизнесті дамыту үшін Дүниежүзілік банктің жуырдағы баяндамасында жарияланған бірнеше жүйелі мәселеге назар аударған абзал.
«Жуырда Дүниежүзілік банктің «Қазақстан экономикасы туралы» атты зерттеуі жарияланды. Сол жердегі біздің экономикамыз, оның ішінде бизнестің жағдайы терең талданған бөлімдер бәріміздің қызығушылығымызды тудырады деп ойлаймын. Нақты айтқанда, 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі он жыл ішінде бізде өнімділіктің өсуі іс жүзінде болмағаны жазылған. Зерттеуде тиісті деректер де келтірілген. Меніңше, Үкімет ол мәліметтерді зерделеуі керек», – деді Сенат төрағасы.

Әшімбаевтың айтуынша, жағымсыз салдар дамымайтын, табыс әкелмейтін және нарықта жаңа ойыншылардың алға жылжуына кедергі келтіріп, мемлекеттік қолдау есебінен ғана күн көретін компаниялардың көбеюіне алып келеді.
«Икемсіз мемлекеттік қолдау, оның ішінде «Даму» арқылы қолдау және ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар елімізде зомби-компаниялардың көптеп пайда болуына алып келді. Олар мемлекеттің арқасында ғана «аман» жүр. Ал, өздері еш дамымайды, алға жылжымайды. Қалыпты нарықтық экономикада компаниялардың стартап, қалыптасу, жетілу, кейбір технологияларды енгізу сияқты өмірлік циклі бар. Соған байланысты олар мүмкіндік болса, әрі қарай дамиды, болмаса, жабылады. Бізде нарыққа жаңа компаниялар көп кіре бермейді. Ал, дамымайтын «ескі» компаниялар нарықтан кетпейді. Бизнесті қолдау тиімді, икемді, нәтижелі болуы керек. Сондықтан бизнесті қолдау тетіктерін қайта реттеудің маңызы зор. Бұл ретте, банкротқа ұшырау да экономиканы тазарту, жаңа компаниялардың пайда болуы тұрғысынан бір механизм екенін ескерген жөн», – деді Сенат төрағасы.

Фото: senate.parlam.kz
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?