Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов "қазақтың мінезі" жайлы не дейді?

10 наурыз 2024 185

Алаш ардақтылары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Газет бетінде қазақтың әртүрлі кемшіліктері түртіліп, жазылып жатыр. Мысалы ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқтылар. Рас, мұның бәрі аянышты халдер, бірақ бұлар әр міннің бұтақтары. Роман, өлең, мақала жазушылар да осындай ұсақ кемшіліктерді көрсетпек. Қазақтағы неше түрлі болып тұрған ауыр халдердің түпкі негізі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшырағанын ешкім қолға алып, мәтбұғат жүзінде қозғап көрген жоқ. Соның үшін бұл терең сауалды жұрттың есіне салып, жүйріктерді қыздыруға сөз бастап отырмыз.


Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен. Рас, ол уақыттағы ұйымшалдық күні үшін болса да жүре – бара бет түзеп, қалып алатын сүреңі бар сияқты еді, естуімізше. (Әрине, халық болған соң «түгел самдай, мұнтаздай еді деуге келмейді, надандық уысында талай оқшау мінездер болған, оған орын беруді артық деп білеміз).


***


Ол қылықты түсіндіріп, түзу жолға салушылар болса да дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап кетуге ықтимал еді, бірақ қожа, молда, ишандардың схоластик (алық) ғылымын таратып, елдің ойын, рухын қол-аяғын кісеңдеп, бір кесімді тар жолға тығып, адамшылықты тағдырдың қазығына қылқылдатып байлады да қойды. Түсінігінше, қазаққа дін де оп-оңай сіңіп кеткен жоқ, түсінген соң табандап іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұратын азулы, айбыңды хан сықылды бір күш керек еді, халықтың бақытсыздығына қарай жақсының сиреген кезінде күші кетіп мынадай соққы жолықты. Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тірлігі, мақсұды басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті.


Қазақтың тұрмысы өзгерді. Киіз үйде қыстап, суыққа шынығып, қуатты, қайратты, денелі өсетін қазақ, тазалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі көтерілмей өсетін халге түсті. Осы себепті адамның өсімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл – бір. Екінші, сол уақта өзі сурет ала алмаған бірлікке, қырсықтың қара басы боп партия деген қағида тиді. Жауыздық, залымдық, қара бұлттай қоршап, халықты астаң-кестең қылып, өзді-өзімен атыстырып, жауластырып, көзді шел қаптады. Күннен күнге өршіген қалың сасық тұманнан шыға алмай адасып келіп-келіп түсіп отырған қалпымыз міне - осы күнгі.


Партиядан тарайтын фитнәнің бірсыпырасын айтайық: партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті. Себебі: болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған жағдайда сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды. Екінші, партияның малын жаудың малындай ішіп-жеген халық (оны) қайта құсып, қолындағы өз малын азайтты. Партия – кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағының қырсығы бұл.


Енді «дін» жағымызға не келтірді? Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылық, антқор еместік, құдайдың атын жеңілге саймаулық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант – аман, құран дегеніңіз бишараның бержебайшының ісіндей қадірсіз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр-садақа партияның бір берімсегіне жүріп кетті. Дінге келген кемшілік осы.


Енді қазақтың мінезіне (ахлаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, нысапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұясынан артық болмаса кем болған жоқ. Бір туысқан түгілі әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы жалғыз ғана – құлқыны.


Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бұған таласымыз жоқ. Бірлікшіміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер табыла қоймас, алтыбақандық, қазанбұзарлыққа мақтансақ мақтанайық.


Сүйтіп, ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл – үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды. Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, қатты оқығандардан да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы «ұлтым» деп оқып шыққандар халық арасына келсе қарая бастайды.


Сайып келгенде, қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанда қолы қылмайтын – тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан аспайтын - өзімшілдік, ездік. Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар үйіндегі жас балаларды өздері үлгі болып надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті. Соларға қазақтың мінезін тастап, аянбай қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып бірлік шеніне жармасуынан басқа не тілей аламыз.

Семей семинариясында оқитын:
Аймауытов һәм Әуезов.
«Алаш» газеті, 1917 жыл.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?