Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ешкімге бағынбаған, тірі жанға жалынбаған» - М.Дулатұлы қазақтар жайлы

24 наурыз 2024 105

Нағыз қазақ қандай болған? Бұл туралы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы өзінің «Октябрь төңкерісінің үшінші жылы» мақаласында былай дейді:

Ешкімге бағынбаған, тірі жанға жалынбаған, еркі өзінде ерке жауынгер, ержүрек,жігерлі, өзі көсем, серке еді. Ақкөңіл, ақжарқын, уағдашыл, айтқан сертке берік еді.

Бұл кім десеңіз? Қазақ еді.

Сарыарқаны жайлаған, есепсіз мал айдаған, соны қоныс, тұнық су: шалғынға бие байлаған,көл жағалай ел қонып, ат шаптырып, той қылып, мереке қызық күн сайын, жарыс салысып, жас ұлан, қыз-бозбала ойнаған, уайым жоқ, қайғы жоқ.

Бұл кім десеңіз? Қазақ еді.

Құл болды, қор болды. Жайылып, жатқа бас ұрды. Басынан ерік, малынан билік кетті. Жер мен судан айырылды. Жігері қатты жасыды. Қоян жүрек қорқақ болды. Партия деген пәлеге жолықты.

Бұл кім? Бұл да қазақ.

Бірақ бұл - орыс патшасына бағынып, өткен күнін сағынып, бір көруге зарығып, жарық сәуле көре алмай, қараңғыда қамығып, жыламсырап қамыққан қазақ еді.

Міржақып Дулатұлы, 1920 ж.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?