Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ертеңіме жол ашқан ерекше сапар

01 желтоқсан 2023 111
Тоқсан соңы.Барлығы баға үшін жанталасуда.

Дарындықтар үшін бағаның жақсы болуы міндетті. Ал мен Кереку өңірінде болатын Республикалық "іші алтын сырты күміс сөз жақсысы" атты байқауға әзірлену үстіндемін. “Еңбек еткен мұратқа жеткен”демекші алдыма мақсат қойдым да барымды салып дайындалдым. Сөйтіп жүргенде іріктеу кезеңі басталды. Бағым мен бабым қатар шауып іріктеуден өттім. Іріктеуден өту оңай болған жоқ, бірақ көп еңбектену мен ізденістің арқасында суырылып шықтым. Ендігі мақсат бас жүлде алу үшін дайындықты арттыру. Әне-міне дегенше жолға шықтық. Кереку өңіріне дейін бір тәулік жүретін болғандықтан уақытты тиімді пайдалануға тырыстым. “Жақсымен өткен бір күн жаманмен өткен мың күнмен тең” деп бекер айтпаған. Қасымдағы қатысушымен дайындалып әр түрлі тақырыптарда сайыстық. Оның үстіне Қазақтың кең байтақ жерің, қарасаң көз тоймайтын табиғатын да көрдік, бақыладық. Кереку өңірінеде жеттік. Бастапқы да Кереку өңірінің барлық тұрғындарын орыстанып кеткен яки қазақ тілінде сөйлей алмайтын, қонақжайлық туралы мүлде хабары жоқ адамдар деп ойлаған болатынбыз. Шын мәнінде қатты қателесіппін. Бастан аяқ бізді құдайындай күтті десем артық айтпағаным. Бағдарламаның бірінші күні біз мектеппен танысып және Кереку өңірінде кіндік қаны тамған ұлы тұлғалармен таныстық. “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” демекші Рамазан Тоқтаров атамыз осы өңірдің тумасы, Абай мектебінің түлегі, "Абайдың жұмбағы" атты кітабын жазған кемеңгер жазушы.



Абай мектебінің тарихы терең тағылымы мол екен. 86 жылдық тарихы бар Кереку өңіріндегі жалғыз қазақ мектебі болған деседі. Мектеппен танысып болғаннан кейін шағын әдістемелік кеш өтті. “Естілердің сөзін ескеріп жүрген адам өзі есті болады” деп хакім Абай айтпақшы, біз естілердің арасында отырып біраз ақпарат алып оны санамызға тоқыдық. Сөйтіп бағдарламаның бірінші күні бітіп, екінші күнге аяқ бастық. Қазақ қонағын құдайындай күткен ғой. Өз басым Абай мектебі ұжымының іс-шараны жоғары деңгейде өткізгеніне риза болдым. Әркімге артылған жүк бар. Таң атысымен олар самаурын қайнатып, ыстық бауырсақ пісіріп ерекше күтті, жақсылап тойдырды. Ал енді сайыс басталды. Әр мектептің жүзден жүйрігі, мыңнан тұлпары келіп отыр. Сайыс бес сағатқа созылды. Қазақияның қара шаңырағы Абай мектебінің намысың бірінші орынға қойып мен де өз әлімше сайыстым. Қолымнан келгені сол болар үшінші орынға табан тіредім. Бастысы жеңу емес қатысып тәжірибе жинау деп өзімді жұбаттым. Сонымен сайыс бітіп үшінші күнге аяқ бастық. Бұл күні біз “Ертіс” телеарнасына, “Халық” радиосына барып тікелей эфирде сұқбат бердік. Бұлда бір жетістік пен мәртебе. Оның үстіне Халық әртісі Рамазан Ыстамғазиев ағамен кездесіп ақ батасын алдық. Кешқұрым үйгеқарай жолға шықтық. Мен сайыста жіберген қателіктерімді ойланып отырдым, ойлану үстіндемін. Кеше болған сайыс әлі ойымнан кетер емес. Қателіктер тәжірибеге айналғанша ертеңіме “күте тұрсыншы” дегім келеді. Бірақ кеше менің бүгінімді ұрлап кетті...

 

Саян Нұрболұлы, “Ділмар” үйірмесінің мүшесі, республикалық Абай мектебінің 9-сынып оқушысы
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?