Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Азамат» серіктігін ашып, «Қазақ» газетасын Алаш азаматтарының серіктесіп қосылған пұлымен жүргізбекшіміз

16 сәуір 2024 147

АЛАШ АЗАМАТТАРЫНА

Халықтың мәдениет жолында ілгері басып, ел қатарынан қалмасына себепші болатын нәрселердің бірі баспасөз, яғни газет-журнал, кітаптар екендігі шексіз. Олардың басылып шығып, жұртқа таратылуына пұл керектігі де шексіз.

Баспасөздің әуелі керектігін түсініп, білу қажет, екінші білгеннен кейін баспасөзбен жұрттың пайдалану жағын ойлап,іс қылу керек. Басқа жұрттарға қарасақ, олар мұндай істерді екі түрлі жолмен жүргізіп жатыр. Бір жолы - пұл міндетін пұлы барлар алып, жазу міндетін қалам ұстаушылар алып,істеп жатқан жол. Екінші жолы - баспасөзбен халықтың пайдалануын ойлаған адамдар, көп сомасы болмаған соң, аз сомаларын құрастырып, жиып, біріктіріп, күштерін қосып, серіктесіп іс қылып жатыр.

Әуелгі жолмен іс жүргізуге қазақтан пұл міндетін көтерерлік байлар шықпады. Үш жылдан бері «Айқап» журналы шығып тұр, бір жылға жақын «Қазақ» газетасы шығып тұр. Бұлардың екеуінің басындағы кісілер, газета мен журнал ісіне оңашаланып шықпай, басы басқа қызметке байлаулы күйінде іс жүргізіп отыр. Газетаға оңашаланып шығайын десе, салмақ газетаға түседі, оны көтеретін бұлардың газетада салып отырған сомалары жоқ. Байлар жомарттық қылмады деп қарап отыруға бола ма? Екінші жолмен іс жүргізуге ойлап тұрмыз. Қазақта кесек сома шығарарлық байлар аз болғанмен, аз сомасымен, адамгершілігімен серіктікке жарайтын азаматтар аз емес. Сондықтан «Азамат» серіктігін ашып, «Қазақ» газетасын мұнан былай Алаш азаматтарының серіктесіп қосылған пұлымен жүргізбекшіміз.

«Азамат» серіктігінің мақсаты - жоғарыда айтылған жұртқа керек жұмыстар, яғни газет-журнал шығармақ, кітаптар бастырмақ. Олардың ішінде қазіргі бас мақсаты - «Қазақ» газетасының аяғын нық бастырып, жүргізіп жібермек. Онан басқаларын кезінде шамамызға қарай көрмек. Серіктікке кіретін азаматтарға лайықтағанамыз - ер басына жүз сом. Біздің қазіргі істеп тұрған һәм мұнан былай істейміз деп ойлап тұрған істеріміздің мәнісін түсінбейтін қара шаруа байлар көп екенін, көңілі жетсе қолы жетпейтін азаматтар да көп екенін һәм бұл серіктікке олардың біреулері түсінбегендіктен, екіншілері қолы қысқалықтан кіре алмайтындығын білеміз.

Бұлардан басқа да түсінікті байлар, жүз сомға қолы қысқалық қылмайтын азаматтар қазақта аз емес. «Азамат» серіктігіне жалғыз байлықпен емес, азаматтықпен көбі кірсе деп үміт етеміз. Жүз сомын «Азамат» жарнасына қосқанда қолы қалтылдап, «осы ақшам қайда кетпекші, осы жүз сомнан пайда болса жақсы, олай болмаса, шығын болады ғой» деп, ұрсысатын адамдарға кіріспе дейміз. Бұл серіктік - сендер осы кәсіпке кіріссеңдер ақшаларың өсіп, жүз сомдарыңмен байып қарық боласыңдар деп, алдарыңа салып отырған серіктік емес, олай түсінетін адамдар да ойланып кірісерге керек. Ондай серіктікті көздеушілерге көпестердің, кәсіпшілердің серіктігі бар.

«Азамат» серіктігінің бас мақсаты - ақша өсіріп, серіктестікті байыту емес, істеген істің жұртқа пайдалы болуы. Ақша жағына сол пайдалы істерді істеуге, күш-қуат болуға қажет нәрсе мағынасында қаралады. Жоғарыда айтылған халыққа пайдалы істерді істеп, жүргізуге адам керек болса, ақша да керек. Адам да, ақша да бірдей сай болса, іс сайлы күйінде жақсы жүрмекші. Бір жағының кемшілігі істің барша жағына кемшілік келтіреді.

Сондықтан «Азамат» серіктігінде ақшаның мол болу жағы да ескерілмекші. Олай болған соң, бұл серіктікке жарна салушылар жарнамыз өспейді деп үмітсіз болмасқа керек. Қысқасынан айтқанда, жарна салушы азаматтар жүз сомын жұрт үшін көп ортасына салады, пайдасы болса, пайдасын көппен бірдей алармын деп, залал болса, залалға көппен бірдей қалармын деп. «Азамат» серіктігіне осылай ойлауға жарайтын адамдар кіреді һәм серіктікке жарайды. Олай ойлай алмайтындар кірмей-ақ қойсын. Бұл серіктік - көпес серіктігі емес, кәсіпші серіктігі емес,«Азамат» серіктігі. Бұған кіретін адамдар жұрт жұмысы турасында жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен де серіктес болуы қажет.

Ашушылар: Ахмет Байтұрсынұлы,

Міржақып Дулатұлы. 

«Қазақ» газеті, 1913 жыл, №42

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?