Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Аймағамбетов те өтірік есеп берген бе?

01 наурыз 2024 163

Асхат Аймағамбетов министр кезінде үнемі жақсы қырынан көрінетін. Бірақ министр кезіндегі "минустары" ашылып жатыр. 2021 жылғы 15 наурызда өткен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасының толық орындалғанын баяндайды.

"Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балабақшалардың 100%-ы бейнебақылаумен қамтамасыз етілді. Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу аяқталды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде мектептер бейнебақылау жүйесімен 100%, жылы әжетханалармен 99% қамтамасыз етілді", –деп жариялады білім министрі Асхат Аймағамбетов.

Осымен бұл мәселе жылы жабылған. 

Алайда былтырғы 2023 жылдың соңына қарай, 5 қазанда өткен Республикалық педагогтер съезіне қатысқан Мемлекет басшысы бейнебақылау мәселесін тосыннан қайта көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев "мектепті ең қауіпсіз орынға айналдырудың, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесін орнатудың маңызды екенін тағы да еске салды".

Оның мәнісі енді белгілі болып отыр. Білім беру ұйымдарына жүргізілген тексерістер "бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды" деген есептердің көзбояу екенін әшкерелепті. 

Оның үстіне ата-аналар да, мектеп инспекторлары да мектептердегі бейнекамераларға қатысты шағым айтып жүр. Оған камералардың істемей тұратыны, істегеннің өзінде тек бейнекөріністі түсіріп, дыбысты жазбайтыны, видеоларының бұлдыр, анық болмайтыны және басқа да мәселелер себепкер болған. Мәселен, кейбір мектепте бейнекамералар түсірген видеолардың күңгірт, көмескі, буалдыр болатыны сонша, ондағы персонаждардың балалар әлде ересектер екенін байқап, айыру қиынға түседі екен. 

Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ашықтық танытып, тексерістер қорытындысын жұртшылыққа жариялауға ұйғарды. 

Комитеттің мәліметінше, бүгінде барлық мемлекеттік білім беру ұйымдары 100% қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. 

Алайда Ішкі істер министрлігінің бақылау камераларының техникалық сәйкестігіне жүргізген тексерісі келеңсіз жайтты анықтады. 

2023 жылғы қыркүйек-қараша айларында білім беру ұйымдарында орнатылған 339 628 бейнебақылау камерасы тексерілді. Оның 124 236-сы – балабақшаларда, 188 447-сі – мектептерде, 26 945-і колледждерде жұмыс істеп тұр.

Бірақ бұлардың азшылық бөлігі, 119 295-і ғана заманауи цифрлық форматтағы бақылау жүйесі болып шықты.

Басым көпшілігі – 220 333-і ескі, аналогтық бейнекамералар екені әшкереленді. Балалардың қауіпсіздігін шын мәнінде қамтамасыз ету үшін емес, жоғарыға көркем көрсеткіш пен әдемі есеп беру үшін мұндай қулыққа бару – барлық өңірде жаппай белең алған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?