Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

 Астана медицинасы – Қазақстан медицинасының күретамыры

22 маусым 2023 94
Медицинаның дамуы халықтың өмір сүру ұзақтығымен өлшенеді. Қазақстан медицинасы – мемлекеттің күретамыры сияқты. Сондықтан, медицина саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар – мемлекет саясатының ажырамас бір бөлігі. Ал Астанадағы атқарылып жатқан шаруалар бүкіл Қазақстан медицинасына үлгі болуы керек.



Медицина қызметкерлері күніне орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Сіздер өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленіп жүрсіздер. Ұлт саулығы – басты байлығымыз. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым ерекше назар аударып, дәрігерлерге үнемі қолдау көрсетеді» - деді өз құттықтауында.



Мемлекет басшысының құттықтауынан кейін, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек те өз парақшасында медицина қызметкерлерін құттықтап: «Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы медицина саласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Өз тарапымыздан медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуді, медициналық нысандар желісін кеңейтуді, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді ары қарай да жалғастырамыз.

Сіздер отандық медицинаның дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер. Кәсіби біліктіліктеріңіз бен абыройлы еңбектеріңіз үшін алғысым шексіз! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт және отбасыларыңызға амандық тілеймін. Мереке құтты болсын!» - деп жазды.

Медицина саласын дамыту тәуелсіздіктен бері бір сәт қолдаудан тыс қалған емес. Үнемі қомақты қаржы бөлініп, қазақстандықтардың денсаулығы үшін тегін медициналық қызмет көрсетіліп келе жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысының қолдауымен 600-ден астам медициналық объекті салынып жатыр. Оның ішінде Астана қаласында салынып жатқан медициналық нысандар да бар.

Жыл басынан бері еліміздегі медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Оның ішінде Астана қаласындағы қолға алынып жатқан жұмыстар өз алдына бір төбе. Бүгінгі күні Астанада әлемде сирек кездесетін ауыр індеттерге ота жасала береді. Азаматтарымыз бұрынғыдай шетел аспайтын болған. Қазақстан медицинасына сеніп емделуге келетін шетелдіктердің де саны артуда. Олардың бәрі бірден Астанадағы емханалар мен медициналық орталықтарды таңдайды. Өйткені, Астанадағы медициналық қызмет сапалы әрі сенімді. Дәрігерлер құрамы да өте білімді, білікті.

Медицинасы дамыған 95 мемлекеттің ішінде Қазақстан 58-орында. Ал көш басында – Тайвань, Оңтүстік Корея мен Франция тұр. Қазақстан ТМД елдерінің арасында да алдыңғы қатарда. Мәселен, Ресей, Украина, Беларуссия, Әзірбайжан медицинасының көрсеткіштері Қазақстаннан кейін тұр. Мұның бәрі денсаулық саласындағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірегейлігінің нәтижесі.

Биыл мамыр, маусым айларында Астанада медицинаға қатысты бірқатар игі іс-шаралар өтті. Айталық 12 мамыр күні Астанада медбикелер күні аталып өтті. Қазіргі уақытта Бас қаламызда 6 мыңнан астам медбике қызмет етеді. Дәрігер емдейді, ал медикелер пацентпен бірге ауруды жеңетін адам. Олардың еңбегі көзге көрінбейтіндей болғанымен, ұшан-теңіз.

Астана қаласындағы №6 қалалық емхана мен №3 көпбейінді қалалық аурухананы аралаған еліміздің бас дәрігері Ажар Ғиниятқызы соңғы жылдары шаһардағы медициналық қызметтің сапасы өте жоғары деңгейге жеткенін атап айтты. Ол аталмыш екі орталықты аралау кезінде «Бүгінгі көрсеткішпен тоқтап қалуға болмайды. Елордалық медициналық мекемелердің жұмысын жақсартуға күш-жігер салып, халықты сапалы денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамту маңызды» деді.

Астана қаласындағы медициналық мекемелердің жетістігі көп. Мәселен, елордалық дәрігерлердің біліктігін арттыру мақсатында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлерді шетелде оқыту жобасы қолға алынуда.

Астана қаласындағы №1 көпбейінді қалалық аурухананың кардиолог-дәрігері Аян Қалдаров: «Израильдегі әріптестеріммен тәжірибе алмасу мүмкіндігі болғанына мен қуаныштымын. Шетелдік медицинамен қаз қатар отандық медицина да дамып келеді, ал тәжірибе алмасу жаңа жетістіктерге әкеледі деп есептеймін», - дейді.

Астанада алғаш рет жүзеге асырылып жатқан медициналық жоба бар. Ол – №2 көпбейінді қалалық ауруханада жаңа госпитальдық фармация бөлімшесі. Денсаулық сақтау саласын цифрландыр аясында қолға алынған шаруаның мақсаты туралы Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов: «Мұндағы басты мақсат – препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыру. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері де автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімнің бірегей тұсы да осы: дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ қате дәрі-дәрмек тағайындау қаупі әжептәуір азаяды. Алдын ала есептеулер бойынша жоба жылына 400 млн теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді», - дейді.

Қазақстанда мемлекеттік саясаттың басты бағыты – азаматтар денсаулығы екенін айта кетейік. Осы мақсатта Астана әкімдігі тарапынан бас қаланың тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндік қарастырылып, барлық жағдай жасалған.

Кемел ЖАН

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?