Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақтөбеде мұғалім үш адамның өліміне кінәлі деп танылды

12 наурыз 2024 245

Ақтөбе облысында аудандық пән олимпиадасына бара жатып, жол апатынан қаза болған екі оқушы мен мұғалімнің қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот аяқталды. Көлікті тізгіндеген 25 жастағы мұғалім бес жыл бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі оқушы мен бір мұғалімнің өмірін қиған жол апатына қатысты істің үкімі шықты.

«Ж.Ш. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі тағайындалсын», – деп судья үкім шығарды.

Айыпталушы соңғы сөзінде тағы да кешірім сұрады.

«Кешірім сұраймын. Алла берген сынақ. Жүрегіме өмір бақи таңба қылып салып берді. Қолыңыздан келгенше жеңіл жаза беруді сұраймын. Басқа айтарым жоқ», – деді сотталушы.

Мемлекеттік айыпталушы үш адамның өмірін қиған жол апатын абайсызда болған қылмыс деп бағалап, көлік тізгіндеген мұғалімге бес жыл сұраған еді. Істе жәбірленушілердің талап арызы болған жоқ. Бәрі де сотталушыға кешірім берді. Қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жай сот барысында және тергеп-тексеру кезінде анықталмаған. Сондай-ақ судья іске қатысты жеке қаулы шығарды.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2023 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болған.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?